Елбасы Астана қаласындағы орталық саябақта болды

1

Мемлекет басшысы саябақтың инфрақұрылымымен танысып, жаңадан ашылған жағажай аймағын көрді.

Сондай-ақ Нұрсұлтан Назарбаев электромобилмен қоғамдық демалыс аймақтарын аралап шығып, елорда тұрғындарымен әңгімелесті.

Қазақстан Президенті қалалықтардың жаппай, белсенді және мазмұнды демалысы үшін барынша қолайлы жағдайлар жасаудың маңыздылығын атап өтті. Мемлекет басшысының айтуынша, мәдени-сауықтық қызметтерді сапалы ұйымдастыру жастардың әсіресе жаз мезгіліндегі уақытын пайдалы өткізуіне септігін тигізеді.

Сонымен қатар, Мемлекет басшысы әуесқой жасөспірім балуандардың белдесуі өтіп жатқан саябақтың спорт алаңында болды.

***

Қаланың орталық саябағының инфрақұрылымын жетілдіру жұмыстары аясында аттракциондар орнату жұмысы жүргізіліп, спорттық және ересектер мен балаларға арналған бассейндері бар заманауи жағажай аймағы ашылды. Сондай-ақ жаттығу алаңы, шаңғы роллеріне арналған ұзындығы 3,8 шақырым трассасы бар дене шынықтыру және сауықтыру аймағы ашылған. Саябақ аумағындағы сауда нысандары шаһардың архитектуралық стилімен үйлестірілді. 

Мұнда күн сайын классикалық және танымал музыка концерттері, таза ауада бұқаралық спортпен айналысу тәрізді мәдени-көпшілік және спорт шаралары өтеді. Жаңғырту жұмыстары нәтижесінде саябаққа келушілер саны жұмыс күндері 3 мыңға дейін, ал демалыс күндері 10 мыңға дейін көбейді.