«ДІНДЕР ТЕРРОРИЗМГЕ ҚАРСЫ» ХАЛЫҚАРАЛЫҚ КОНФЕРЕНЦИЯ ҚАТЫСУШЫЛАРЫНЫҢ МӘЛІМДЕМЕСІ (31 мамыр 2016 ж., Астана)

Біз, әлемнің түкпір-түкпірінен жиналған діни өкілдер мен парламентшілердің басын қосқан «Діндер терроризмге қарсы» халықаралық конференциясының қатысушылары,

жаһандық бейбітшілік пен қауіпсіздіктің рухани және құқықтық негіздерін қамтамасыз ету, жалпыадамзаттық бірлік пен гуманистік қағидаттардың күшін және жалпы діни құндылықтар мен құқықтарды нығайту жолындағы дінаралық диалогтің, халықаралық ынтымақтастықтың, саяси және парламентаралық дипломатияның мән-маңызы мен ролі айрықша артып отырғанын назарға ала отырып, келесідей мәлімдеме жасаймыз:

 

1.   Бірыңғай діни руханиятқа, халықаралық қауіпсіздікке және адамзаттың өркендеуіне төнген аса қауіпті және күрделі қатерлердің бірі ретінде барлық түрдегі және көріністегі терроризм мен зорлықшыл экстремизмді үзілді-кесілді айыптаймыз.   

2.   Сандаған жазықсыз адамдардың өмірін қиып, адам құқықтары мен еркіндіктерін бұзып, тұтас ұлттар мен мемлекеттердің қасіретіне айналған, әлемнің түрлі аймақтарында орын алып жатқан қатігез террористік актілер біздің жанымызды түршіктірді.  

3.   Әлемнің кейбір аймақтарындағы діни қауымдардың қасіреттерін қайғыра қабыл аламыз. Жүз мыңдаған бейбіт тұрғындар өз үйлерін тастап, террористер ғиззатты діни көшбасшыларға шабуыл жасауға ұмтылуда. Ежелгі діни ескерткіштер мен қасиетті орындарға үлкен зиян келтірілді.  

4.   Біз толеранттылық, бейбіт қатар өмір сүру және дінаралық диалог қағидаттарына қайта назар аудара отырып, діндер мен олардың символдарын қаралауға (диффамация) тыйым салу туралы БҰҰ Бас Ассамблеясының резолюциясын қабылдаудың маңыздылығын ерекше атап көрсетеміз.    

5.    Халықаралық терроризм діни ұрандарды жамылу арқылы адамның құқықтары мен еркіндіктерін таптап, адамзат өркениетінің мәдени және рухани мұрасына елеулі залал келтіріп, конфессияаралық үйлесімділіктің беделін түсіріп, оған қауіп төндіріп отырғанына зор алаңдаушылықпен қараймыз.   

6.   Экстремизм мен терроризм идеологиясы діндердің гуманистік табиғатына қайшы келеді деп санаймыз және дінге сенушілердің конфессиялық-доктриналық көзқарастарын радикалдандыруға бағытталған террористердің ұмтылыстарын үзілді-кесілді айыптаймыз, өйткені бұл халықтардың рухани бірыңғайлануына және олардың өзара кемелденуіне, тұрақтылықты қамтамасыз етуге және халықаралық қауіпсіздікке орны толмас зиян келтіреді.  

7.   Мемлекеттер өз юрисдикциясындағы барлық азаматтарды террористік актілерден қорғау үшін шаралар қабылдауы тиіс екендігін мойындай отырып, терроризмге және зорлықшыл экстремизмге қарсы күрес тұрғысынан адамдардың құқықтары мен негізгі еркіндіктерін көтермелеу және қорғаудың аса маңызды екеніне айрықша назар аударамыз. 

8.   Экстремистік идеология алдында жастардың мейлінше әлсіз болып бара жатқанына қатысты ерекше алаңдаушылық білдіре отырып, барлық елдерді радикализацияның, терроризмнің және зорлықшыл экстремизмнің алдын алу үшін жастарды тартып, олардың құқықтары мен мүмкіндіктерін кеңейтуге бағытталған күш-жігерімізді еселей түсуге шақырамыз.  

9.   Экстремистік идеологиямен күрес тұрғысынан жастарды тәрбиелеудегі әйелдер мен отбасының рөлін ерекше атап көрсетеміз. 

10.            Экстремистік және террористік идеологияға ұтымды түрде қарсы тұру үшін халықты сәйкес діни біліммен және діни көшбасшыларды арнайы дайындықпен қамтамасыз етудің маңыздылығына назар аударамыз.

11.            Түрлі саяси деңгейлерде шешімдер қабылдауға әйелдер мен жастарды қатыстырудың мән-маңызын баса көрсететін Біріккен Ұлттар Ұйымы Қауіпсіздік кеңесінің 2250 және 1325 резолюцияларын қолдаймыз.   

12.            Терроризм мен зорлықшыл экстремизмді бірде-бір нәсілге, этникалық текке, ұлтқа немесе дінге балауға  болмайды және балануға тиіс емес деп сенеміз.

13.            Қате ұғым мен түсінікке жол бермеу мақсатында діннің ақиқат мәні мен құндылықтарын діни қауымдар мен барша адамдарға жеткізу жолындағы күш-жігерді еселей түсуге шақырамыз.   

14.            Адамзат диалогті нығайту және мәдениеттер мен діндер арасындағы өзара түсіністікті тереңдету арқылы, сонымен қатар терроризммен күрес жөніндегі біріккен ассоциациялардың көмегімен осы жаһандық қатерге тойтарыс бере алады деп сенеміз. 

15.            Зорлық-зомбылыққа қарсы тұру және жанжалдарды шешу, сондай-ақ жалпыадамзаттық құндылықтарды, адам құқықтарын, қауымдар арасындағы құрмет пен өзара түсіністікті ілгерілету жөніндегі ізгі миссиялары үшін барлық діндер мен олардың көшбасшыларына, сонымен қатар басқа да қайраткерлерге қолдау білдіреміз.

16.            Бұл тұрғыдан Рим Папасы Франциск пен Аса Қасиетті Мәскеу және бүкіл Русь Патриархы Кириллдің кездесуін қолдаймыз, бұл кездесу діни көшбасшылар барлық түсініспеушіліктерді ысырып қойып, бейбітшілік жолындағы диалог орнатуға дайын екендігін анық көрсетті. Аса ірі екі Шіркеу басшысының терроризмге қарсы жалпы әлемдік бірлескен және жауапты күреске шақырған үндеулерін қолдаймыз. Сонымен қатар, діни қауымдар арасындағы диалогті реттеу мақсатында Папа Францисктің Аль-Азхар Ислам университетінің бас имамы      Ахмед Эль-Тайебпен кездесуіне ерекше назар аударамыз.

17.            Қауымдар мен азаматтық қоғам көшбасшыларын терроризммен күреске тартудың маңыздылығын растаймыз, және олардың қатысуымен үкіметтер елеулі нәтижелерге жете алатынына сенеміз.   

18.            Парламентшілердің терроризмге және зорлықшыл экстремизмге қарсы күрестегі маңызды рөлін ескере отырып, халықаралық құқық пен ұлттық заңнамалар терроризмге қарсы әрекет етудің және оның алдын алудың тиімді құралына айналуы тиіс деп санаймыз. Біз парламентшілердің маңызды рөлін және толеранттылықты дамытуға ықпал ететін заңнамалық нормаларды қабылдау жолында олардың діни қайраткерлермен өзара іс-қимылын атап көрсетеміз.

19.            Өз мүдделері үшін террористік ұйымдар құрып, оларды қаржыландырып, қаруландыратындарға қарсы тоқтаусыз күреске деген ортақ ерік-жігерімізді білдіреміз.

20.            Біз терроризмнің себептерін жоюға бағытталған күш-жігердің маңыздылығына назар аударамыз, олардың қатарында кедейлік, аштық, жұмыссыздық, тұрақсыздық және шиеленістер бар.

21.            Бұқаралық ақпарат құралдарын зорлық-зомбылықты насихаттау, шиеленістерді, соның ішінде діни негіздегі жанжалдарды қоздыру мақсатында пайдалануға ұмтылған кез келген әрекетке қарсылық білдіреміз. Бұқаралық ақпарат құралдары өздері тарататын тақырыптардың стилі мен мазмұны үшін үлкен жауапкершілікке ие болуы тиіс деп санаймыз.   

22.            БҰҰ-ның Жаһандық контртеррористік стратегиясын одан әрі ілгерілетуді қолдаймыз және мемлекеттерді осы стратегияны іс жүзінде іске асыруға күш салуға және терроризмнің халықаралық анықтамасын әзірлеу бойынша мәмілеге келуге шақырамыз.  

23.            Зорлықшыл экстремизмнің алдын алу жөніндегі іс-қимылдар жоспарын іске асыру мақсатында Қазақстанның бастамасы бойынша БҰҰ Бас Ассамблеясы 70-сессиясы Төрағасының қолдауымен 2016 жылдың 6 мамырында Нью-Йоркте Біріккен Ұлттар ұйымының жоғары деңгейінде өткен «Діндер бейбітшілік үшін» атты Диалогтің қорытындыларын қолдаймыз.    

24.            Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Жаһандық контртеррористік стратегия ережелері мен БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің резолюцияларына сәйкес БҰҰ-ның аясында жаһандық антитеррористік коалиция құру және БҰҰ-ның терроризммен күрес жөніндегі мәселенің бәрін қамтитын құжатын қабылдау туралы бастамасын қолдаймыз.

25.            Әлем қауымдастығын Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың соғыстар мен жанжалдар вирусын жою бойынша үйлесімді және жауапты іс-қимылдар ұсынатын «Әлем. ХХІ ғасыр» атты Манифесін қолдауға шақырамыз.

26.            Ядролық терроризм қаупіне байланысты ерекше алаңдаушылық білдіреміз. Әлем қауымдастығын ауқымы бойынша жаһандағы төртінші ядролық арсеналдан бас тартқан, осыдан 25 жыл бұрын Семей ядролық сынақ полигонын жауып, барша планетаның қауіпсіз болашағына теңдессіз үлес қосқан Қазақстанның жолын үлгі тұтуға шақырамыз.

27.            Жаһандық дінаралық диалогтің үйлесімді және ықпалды алаңына айналған Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері съезінің маңызды рөлін атап көрсетеміз.  

28.            Барша әлем қауымдастығын терроризмге қарсы күрес жолында күш біріктіруге шақырамыз және парламентшілер мен діни қайраткерлердің сындарлы диалогі өзінің лайықты жалғасын табатынына кәміл сенеміз.