Қазақстан БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесіне сайланды

01aa 658 438 95

Қазақстан Республикасы Азия тобы мемлекеттерінің атынан Біріккен Ұлттар Ұйымының Қауіпсіздік Кеңесінің 2017-2018 жылдарға уақытша мүшесі болып сайланды. Бұл туралы 2016 жылғы 28 маусымда Нью-Йоркте БҰҰ Бас Ассамблеясында өткен дауыс берудің нәтижесінде мәлім болды.

Дауыс беруге қатысқандардың арасынан 138 мемлекет Қазақстанның кандидатурасы қолдады. Қазақстандық өтінімнің жалғыз бәсекелесі – Таиланд Корольдігі үшін 50-ден астам мемлекет дауыс берді.

«Бүкіл Қазақстан үшін бұл тарихи күн, өйткені біздің еліміз БҰҰ Жарғысы бойынша ғаламдық қауіпсіздік пен бейбітшілікті сақтауға өкілеттенген ең маңызды саяси органның құрамына тарихта бірінші болып сайланған Орталық Азияның мемлекеті болды. Бүгінгі нәтиже – халықаралық деңгейдегі Қазақстанның және біздің Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың жеке тұлғасының биік беделінің, оның ғаламдық және өңірлік мәселелерді реттеуге, ядролық қарусыздану мен таратпау мәселелерін ілгерілетуге қосқан бірегей үлесінің жарқын куәлігі», – деп мәлімдеді осыған орай ҚР Сыртқы істер министрі Ерлан Ыдырысов.

БҰҰ ҚК сайлану сондай-ақ біздің мемлекетіміздің бейбітсүйгіш дәйекті сыртқы және ішкі саясатының халықаралық қауымдастықта жоғары құрметтелетінін дәлелдеді.

Анықтама: БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесі 15 мемлекеттен құралған, олардың бесеуінің тұрақты мүшелік мәртебесі бар (Ресей, АҚШ, Қытай, Ұлыбритания және Франция), ал қалған онының әрқайсысы екі жылдық мерзімге 5 өңірлік топтардың атынан сайланады. Қазақстан Азиялық мемлекеттер тобының өкілі ретінде Малайзияны алмастырады.